Әйел мәртебесі жайлы қуанышты хадистер.
1. Аллаһ Елшісі с.а.с. былай деген: «Аяғы ауыр болып, құрсақ көтеріп жүрген әйел дүние салса, шаһиттердің3 қатарынан болады» (Хадисті Убада ибн Самиттен Ибн Саъат риуаят еткен).
2. Бір күні Аллаһтың Елшісіне с.а.с. бір әйел баласымен келеді, сонда Пайғамбар с.а.с. былай деді: «Аяғы ауыр әйелдер, дүниеге бала әкеліп әрі балаларға қамқор, күйеуіне адал, айтқанын екі етпейтін болса, намазын өз уақытында оқыса, барар жері Жәннат болады». (Абу Амамадан Ахмад, Ибн Мажа және Байхақи риуаят еткен).
3. Бір күні Аллаһтың Елшісі с.а.с. әйелдерге байланысты былай деді: «Сіздердің әр біріңіз бақытты емессіздер ме? Күйеулеріңізден құрсақ көтерсеңіздер, ал күйеуі оған разы болса. Егер осылай етсеңіздер ол әйелдің аяғы ауыр болған әр бір күніне, күні бойы ораза ұстап түнімен намаз оқып шығушының сауабындай сауап жазылады. Босанар уақыты жақындап, қиналған уақытта, аспандағы періштелердің өзіде Аллаһтың ол әйел үшін қандай сый-сияпат әзірлегенінен бейхабар болады. Дүниеге нәресте әкеліп, көкірегіндегі сүтімен баласын емізген әр бір сәті үшін де Аллаһтың сол әйел үшін дайындалған сыйлығын алады. Нәресте түнімен жылап, анасына ұйқы бермей, ал анасы түні бойы баланы жұбатып, емізіп шыққандығы үшін Аллаһ жолында жетпіс құлды азат еткендей сауапқа ие болады. Сіздер менің қандай әйелдер жайында сөз жүргізгендігімді білесіздер ме? Олар Аллаһқа мойынсынушы, күйеулеріне бағынып, айтқанынан шықпаушы әрі істеген жақсылықтарын тез арада ұмытушы әйелдер». (Хадисті Хасан ибн Суфяннан Табарани риуаят еткен)
4. «Құрсақ көтерген әйел, бала босанып әрі нәрестені емізгендігі үшін, Аллаһ жолындағы сарбаздай болады. Егер осы уақытта дүние салса шаһидтің дәрежесіндей дәрежеге ие болады». (Хадисті ибн Умардан Табарани риуаят еткен).
5. «Әйел адам құрсақ көтерсе оған Аллаһ жолында күнімен ораза ұстап, түнімен намаз оқығанның сауабы жазылады Ал босанар уақыты жақындап, қиналған уақытта, Аллаһтың ешбір жаратылысы ол әйел үшін қаншалықты сый-сияпаттың әзірлегенін білмейді. Дүниеге нәресте әкеліп, көкірегіндегі сүтімен баласын емізген әр бір сәті үшін, нәрестенің әр бір емген сәті үшін де марапатталады. Өліні тірілткендей болады. Баланы емізуді доғарған уақытта, періште оның иығынан түртіп, «сый-сияпат алуды жалғастыр» дейді». (Хадисті Абдуррахман ибн Ауфтан Абу Шейх риуаят еткен).
6. «Күйеуі разы болған мұсылман әйел дүние салса, жәннаттық болады». (Умму Саламадан Тирмизи риуаят еткен).
7. «Егер мұсылман:
* жүректі,
* тілі тек қана Аллаһты зікір ететін,
* шыдамды яғни, денесімен ауыртпашылық көтере алатын болса
* әрі денесімен, күйеуінің мүлкімен сауда етпейтін әйелі болса, онда ол екі дүниенің де жақсылығына ие болады». (Ибн Аббастан Байхақи риуаят еткен).
8. «Егер әйел кісі күнделікті парыз етілген бес уақыт намазын қаза қылмаса, Рамазан айында ораза тұтса, өзін бөтен еркектерден сақтай білсе, күйеуіне адал болса, онда оған: «Жәннаттың қай есігінен кіруді қаласаң, сол есігінен кір деп айтылады». (Анастан Дилми риуаят еткен).
9. «Әйелдеріңнін ең жақсысы – салиқалы, күйеуіне адал болғандары». (Анастан Дилми риуаят еткен).
10. «Ең жақсы әйелдер – олар сондай, қарағанда көңілің толады, бір нәрсе айтсаң бойсұнады, сенің жоқтығыңда өзін әрі сенің мүлкіңді сақтай біледі». Осы сөздерді айтқан соң Аллаһтың елшісі «Ниса» сүресінің 34-ші аятын оқыды: «Еркектер әйелдерге басшы. Өйткені, Аллаһ бірін – бірінен артық қылды. Сондай-ақ олар, дүние – мүлкінен пайдаландырады. (Әйелдерге мәһір, нафақа береді). Ал, жақсы әйелдер – бой ұсынушы, Аллаһ қорғауға бұйырған абыройын қорғаушы». (Хадис Абу Хурайрадан).
11. «Түннің бір жартысында тахажжуд4 намазын оқуға тұрып әрі күйеуін оятып, екеуі бірге намаз оқыған әйел және күйеуін оятқанда тұрмағандығы себепті бетіне су шашқан әйел Аллаһтың қамқорлығында болады». (Абу Хурайрадан Абу Дауд риуаят еткен).
12. Бір күні пайғамбарымыз с.а.с. сахабаларымен5 бірге отырған уақытта, оған с.а.с. Язидтің қызы Асма келіп былай деді: «Сен мен үшін әкемсің анамсың, мен саған әйелдердің атынан сөйлеп келдім әрі сен үшін жанымды пида етуге дайынмын. Шығыстан Батысқа дейінгі барлық әйел менің пікіріммен келіседі. Сен әр бір ер және әйелге Аллаһ тарапынан жіберілген, ақиқат жолды көрсетуші елшісің. Біз саған әрі сені жіберген Раббыңа иман келтірдік. Мен көптеген үйінде отырған әйелдердің бірімін. Айтқандарыңызды орындаймыз, қарынымызда балаларыңызды көтеріп жүреміз. Ал сіздер еркектер бізге қарағанда жоғарысыңдар, жұма намазына барасыңдар, намазды жамағатпен оқисыңдар. Жылда қажылық сапарын жасайсыңдар. Аллаһ жолында шайқасасыңдар. Ал біз, сіздер қажылыққа немесе жорыққа кеткендеріңізде өзіміздің әрі сіздердің дүниелеріңізді қорғаймыз. Жыртық жамап отырамыз. Не себепті бізде Аллаһтың игі істеріне қатыса алмаймыз». Сонда пайғамбар с.а.с. сахабаларына бұрылып қарап: «дін істеріне байланысты әйел кісіден мынадай тамаша сұрақты естіп көрдіңдер ме?»,-деп сұрады. Кейін Асмаға қарап былай жауап берді: «әйелдерге мына сөздерімді жеткіз: сендердің ең жақсыларың, күйеуінен бір нәрсе сұраған уақытта, ол онымен қанағаттанатын, күйеуінің айтқандарын орындап, пікірлерімен келісетін әйел. Осыны іске асырушы күйеуінің бұйрығын орындап, пікірлерімен келіскен болып есептеледі. Осы істерді орындау, күйеуінің Аллаһ жолында атқарған істері әрі әйелі қатыса алмаған істері үшін де алған сыйлығымен тең болады». Мына сөздерді естіген әйел бұрылып, «Лә иләһә иллаллаһ, Аллаһу акбар» деп айтып, кері қайтты».
13. «Егер әйел жақсы жанұядан және сұлу болса. Күйеуі өзінен бұрын дүние салып, күйеуі қайтыс болған соң басқа күйеуге шықпай, сауық-сайран құрмай, боянбай кәмелет жасқа келгенше балаларын тәрбиелесе немесе дүние салса, онда ол әйелдің жәннаттағы дәрежесі Менімен6 бірдей болады». (Абу Хурайрадан әл-Хараити риуаят еткен).
14. Бір күні бір адам пайғамбарға с.а.с. былай деді: «Менің әйелім мен үйге кірген уақытта: «Қош келдің! Менің әрі осы шаңырақтың қожайыны»,-дейді. Мұңайғанымды көрсе: «Бұл өмір сені мұңайтпасын, саған арғы дүние жеткілікті болады»,-дейді. Сонда Аллаһтың елшісі с.а.с.: «Оған айтып барғын: ол Аллаһтың қызметшілерінің бірі, әрі оған, Аллаһ жолында күресушіге берілетін сый-сияпаттың жартысы жазылады». (Абдулла әл-Уадахиден әл-Хараити риуаят еткен).
15. Айша р.а. анамыздың риуаяты бойынша: «Бір күні маған бір пақыр, кедей әйел екі қызымен келіп, тамақтандыруын өтінді. Мен олардың әр біріне бір құрмадан бердім. Әйел өзіне тиесілі құрманы аузына сала бергенде балалары құрма берші деді. Құрманы жеместен екіге бөліп қыздарына берді. Бұл жәйт мені елең еттіріп, мен оны пайғамбарға с.а.с. айттым. Сонда Аллаһтың Елшісі с.а.с.: «Шын мәнінде, сол әйелдің істеген жақсы ісі үшін Аллаһ оны жәннатқа кіргізіп, тозақ отынан аман сақтайды»,-деді. (Айша р.а. анамыздан Муслим риуаят еткен).
16. «Жер бетінде жақсы, ізгі амал істегендері үшін жәннатқа кірген әйелдер, хор қыздарынан да сұлу болады. (Хаббан ибн Хабладан ибн әл-Мубарак риуаят еткен).
17. «Осы өмірде бір әйел күйеуіне зарар беретін болса, хор қыздарынан болған ол еркектің жәннатғы әйелі: «оны ренжітіп, мұңайтпа, жазаңды Аллаһ берсін. Ол тек қана сенің қонағың, ең жақын арада сенен айырылып, бізге (яғни, хор қыздарына7) оралады»,-дейді екен». (Муъаз ибн Жәбалдан Тирмизи риуаят еткен).
18. «Салиқалы әйел, ізгі амал істемейтін мың еркектен хайырлы». (Хадисті Умар ибн әл-Хаттаб жеткізген)
19. «Мына дүниенің жалғандығы – ол өткінші бір өмір ғана. Өткінші өмірдегі қолдануға берілген жақсылық – ол салиқалы, жақсы әйел». (Абдуллаһ ибн Амр әл-Ъастан Муслим риуаят еткен).
20. «Менің үмметімнің ең жақсы әйелдері, күйеулеріне сәлемі түзу (яғни, бойсұнушы) және қанағатшылдары». (Айша р.а. анамыздан ибн Ғади риуаят еткен).
21. «Сендердің ең жақсы әйелдерің, дүниеге бала әкеліп, қамқоршы болғандары. Аллаһқа нық сеніммен иман келтіргендері. Ал ең жаман әйелдерің, жартылай жалаңаш киініп, менмендігі асып тұрғандар. Екіжүзді, бетпақ әйелдер ешуақытта жәннатқа кірмейді. Салиқалы, ізгі әйелдер ақ қарға секілді өте аз болады».
22. «Бір күні, бір адам Аллаһтың Елшісіне с.а.с. келіп, былай деп сұрады: «Уа, Аллаһтың Елшісі с.а.с., адамдардың ішінде жақсы қарым-қатынас қылуға, жақсы сөз айтуға лайықтырағы кім?» Ол кісі: «Анаң» деді, одан кейін деп сұрағанда, «Анаң» деп жауап берді, ал одан кейінше деп сұрағанда, тағы да «Анаң» деп жауап берді. Одан кейін кім деп тағы да сұрағанда, Пайғамбар с.а.с «Әкең» деп жауап берді». (Абу Хурайрадан Бухари және Муслим риуаят еткен).
23. «Ибн Умардың айтуынша, бірнеше шайқастарда Аллаһ Елшісі с.а.с. әйелдер мен жас балалардың мәйіттерін көреді. Осыдан кейін пайғамбар с.а.с. әйелдер мен балаларға қылыш көтеруге қатты тыйым салды». (Байхақи риуаят еткен).
24. «Әйелдердің еркектерден артықшылығы Аллаһ оларды сезімтал етіп жаратқан. (Еркектерге қарағанда 99 есе сезімтал келеді). Дегенмен Аллаһ оларды ұялшақ қылап жаратқан». (Абу Хурайрадан Байхақи риуаят еткен).
25. «Бала туатын зинжи8 әйелдер, бала тумайтын сұлу әйелдерден артық. Сендер көбейген уақытта, қайтыс болған шала-жансар баланың өзіде Жәннаттың есіктеріне келеді. Оған: «Жәннатқа кір»,-деп айтылады. Сонда олар: «Раббым, менің ата-анамның жағдайы не болады?»,-деп сұрайды. Оған: «Ата-анаңмен бірге Жәннатқа кір»,-деп айтылады». (Мурауия ибн Хайдадан ат-Табарани риуаят еткен).
26. «Мына дүниенің салиқалы әйелдері, хор қыздарынан жетпіс мың есе артық болады». (Хаббан ибн Абу Хабладан Ибн Мубарак риуаят еткен).
27. «Кімде кім анасының көзін сүйсе, осы ісі тозақ отынан қорғайтын қалқан болады». (Ибн Аббастан Байхақи риуаят еткен).
28. «Кімде кім әйелді күйеуіне, құлды қожайынына қарсы қойса, ол бізден емес9. (Абу Хурайрадан Абу Дауд риуаят еткен).
29. «Сен күлімсіреп ұлыңа қарасаң, саған «жақсылық» жазылады. Ал, күлімсіреп қызыңа қарасаң, саған «сый-сияпат» жазылады. Ендеше (тәрбие беруді) қыздан бастаңдар. Негізінде Аллаһ олар үшін өте жұмсақ». (Саъд ибн Абу Уаққастан Дилми риуаят еткен).
30. «Сендердің ең жақсыларың, әйеліне және қыздарына жақсы қарайтындарың». (Абу Хурайрадан Байхақи риуаят еткен).
31. «Егер әйел күйеуіне: «Аллаһ саған береке берсін» десе, оның күнәлары кешіріледі. Ал егер ол күйеуіне кішкене ғана ашуланса, Аллаһ оның жақсы, сауапты істері үшін жазылған сый-сияпаттарды өшіреді. Әйеліне сабырлық еткені үшін күйеуі кешіріледі». (Ибн Масъуттан Дилми риуаят еткен).
32. «Мінезі жақсы адамның иманы берік болады. Сендердің ең жақсыларың, әйелімен жақсы мәміле қылушыларың». (Абу Хурайрадан Тирмизи риуаят еткен).
33. Бір күні пайғамбар с.а.с. былай деді: «Сендерге жәннаттың тұрғындары арасында болатындар жайлы хабар берейін бе? Олар – пайғамбар, салих-ізгі адам, Аллаһ жолында жанын қиған шаһит, ұзақта тұратын мұсылман бауырын Аллаһ разылығы үшін зиярат етуші адам. Бұл сендердің құрсақ көтеріп, дүниеге нәресте әкелетін, қамқоршы әйелдерің. Олар сендермен ұрысып қалған уақытта, бірінші келіп, қолдарыңа қолын қойып: «сен маған разы болмайынша ұйықтай алмаймын», – дейді». (Ибн Аббастан Насаи риуаят еткен).
34. «Күйеуі әйеліне қараған уақытта, әйелі де оған махаббат жүзімен күлімсіреп қараса, Аллаһ оларға мейірімділікпен қарайды. Күйеуі әйелінің қолынан ұстаған кезде, олардың күнәлары саусақтарынан тамып, жуылады». (Абу Саъидтен әл-Рафиъи риуаят еткен).
35. «Егер Аллаһ біреуге салиқалы әйел берсе, онда Ол (Аллаһ) оның дінінің жартысында көмек бергені. Ендеше ол, екінші жартысында Аллаһтан қорықсын». (Анастан әл-Хаким риуаят еткен).
36. «Иман келтірген адамның тақуалығынан кейінгі иеленетіні ол салиқалы әйел. Оған бір нәрсе айтсаң бұйырсаң - бағынады, бойсұнады. Оған қарап қуанасың. Егер ант етсең (антыңды іске асыруда) көмек береді. Үйде болмасаң өзін және сенің дүние-мүлкіңді қорғайды. (Муъаз ибн Жәбәлдан ибн Мажа риуаят еткен).
37. «Аллаһ, өз жұбайына адал, бөтен еркектерге қорғандай қатты10 болған әйелдерді жақсы көреді». (Алиден Дилми риуаят еткен).
38. «Аллаһ әйелдерге ұмтылыс ал еркектерге жиһадты берді. Осы үшін сыйлыққа ие болатынын біліп сабырлық еткен әйелге, шахитке берілген сыйлық беріледі. (Ибн Масъудтан Табарани риуаят еткен).
39. «Иман келтірген ер кісі, иман келтірген әйелін жек көргені дұрыс емес. Егер әйелінің жағымсыз мінезі болса, басқа көркем мінезді қылықтарына риза болғаны абзал». (Абу Хурайрадан Муслим риуаят еткен).
40. «Әйеліне көмек беру – ізгі амалдардан». (Ибн Умардан Дилми риуаят еткен).
41. Бір күні пайғамбар с.а.с. былай деді: «Кәмелет жасқа толмаған үш баласы қайтыс болған мұсылманды Аллаһ жәннатқа кіргізеді. Сол кезде одан с.а.с.: «ал егер екі баласы қайтыс болса ше?»,-деген де. Ол да кіреді,-деді. Кейін тағыда: «бір баласы қайтыс болса?»,-деп сұрады. Бір баласы қайтыс болған адамды да Аллаһ жәннатқа кіргізеді,-деді. Жаным қолында болған (Аллаһ)пен ант етейін, шала-жансар туылған бала дүние салса да жәннатқа жетелейді. Егер олар балаларынан айырылған сәтте, (қиямет күні) сыйлыққа ие болатынын біліп сабырлық ете білсе. (Маъаздан Табарани риуаят еткен).
42. «Әйел – әлсіз, қорғансыз адам. Ол көшеге шыққан уақытта шайтан оны шалуға тырысады». (Ибн Масъудтан Тирмизи риуаят еткен).
43. Бір күні Аллаһ тағаланың Елшісіне с.а.с. әйелдер келіп: «Уа, Аллаһтың Елшісі с.а.с., еркектер Аллаһ жолында жиһад қылады, біздің де мужаһид болуымыз үшін не істеуіміз керек?»,-деп сұрады. Сонда пайғамбар с.а.с.: «Әр біріңнің үй тірлігімен айналысуың – Аллаһ жолындағы жиһад болып есептеледі»,-деп жауап берді. (Анастан Байхақи риуаят еткен).
44. «Бұзақы әйелдің жаман іске баруы, мың еркектің жаман іске баруымен тең. Бір әйелдің ізгі, салих амал істеуі, жетпіс ізгі адамның ісіне тең. (Ибн Умардан Бухари риуаят еткен).
45. «Өз әйелдерін құл секілді ұрып, кешке (сол ұрған әйелімен) бір төсекке жататындардың қатарынан болмаңдар». (Абдуллаһ ибн Самхадан Бухари риуаят еткен).
46. «Әйелдермен жақсы қарым-қатынас қылыңдар. Негізінде әйел қабырғадан жаратылған. Қабырғаның жоғарғы бөлігі қисық келеді. Оны түзегің келсе, сындырып аласың. (яғни, онымен қарым қатынасыңды бұзып аласың). Ал егер өз жайында қалдырсаң, сол қисайған күйінде қалады. Осы себепті әйелдермен (әруақытта) жақсы мәміледе болыңдар». (Абу Хурайрадан Бухари риуаят еткен).
47. «Әйел адам қисық қабырға секілді. Оны түзетемін деп сындырып аласың. Ал егер өз жайында қалдырсаң, өз болмысына сай істерімен рахатқа бөленесің. Оның жаман қылықтары болған күнде де. (Абу Хурайрадан Муслим риуаят еткен).
48. «Кімде-кім Аллаһқа және Ақырет күніне иман келтірсе, көршісін ренжітпесін! Әйелдермен (әркез) жақсы қатынаста болыңдар, өйткені олар қабырғадан жаратылған, ал қабырғалардың ең қисық жері – жоғарғы бөлігі, оны түземек болсаң сындырып аласың, ал жөніне қалдырсаң, сол қисық күйінде қалады, (сондықтан) әйелдермен (әркез) жақсы қатынаста болыңдар». (Абу Хурайрадан Бухари риуаят еткен).
49. «Жесірлер мен мұқтаждарға көмек беруші, Аллаһ жолында күресушілермен және күндіз ораза ұстап, түнімен намаз оқығанмен тең». (Абу Хурайрадан Тирмизи риуаят еткен».